VIII "Бүгінгі француз киносы" фестивалі

22 және 25 сәуір аралығында Қазақстанда көрермен назарына француз кинематографының ең үздік туындыларын ұсынатын сегізінші «БҮГІНГІ ФРАНЦУЗ КИНОСЫ» кинофестивалі өтеді. Фестиваль киноиндустрияның кәсіби мамандарына да бағытталған. Ол Қазақстандағы француз фильмдеріне деген қолжетімділік мәселесін шешеді, себебі бүгінгі таңда қазақстандық прокаттағы жаңа француз фильмдерінің үлесі 5%-дан төмен.

JPEG

Биыл Фестиваль алғаш рет бірден екі қалада – Астана мен Алматыда өтеді. Бағдарламаға кірген фильмдер алуан түрлі жанрларды қамтиды: шытырман оқиғалар, биопик, Пьер Ришар мен Кристиан Клавье ойнайтын комедия, Катрин Денев ойнайтын мелодрама және «Кабачоктың өмірі» анимациясы («Оскар» сыйлығының номинанты). Сонымен қатар қазақстандық көрермен әдеттегідей «Қысқа метр» бағдарламасын тамашалайды. Биыл аталмыш бағдарлама аясында 15 туынды ұсынылады. Фестивальға француз кинематографистерінің тұтас тобы келеді. Фестивальдің ашылуы мен жабылуы, сондай-ақ оның негізгі көрсетілімдері әдеттегідей Фестивальдің басты алаңы болып табылатын «Арман» киноорталығында өтеді. Фестивальді UniFrance агенттігі мен оның әріптестері – Францияның Қазақстандағы елшілігі және Астана мен Алматыдағы Француз альянсы ұйымдастырады. Іс-шараға сонымен қатар «Эйр Астана» компаниясы, Pernod Ricard Kazakhstan, ЭКСПО-2017 көрмесіндегі француз павильоны мен CIS Catering тобы қолдау білдірді.

Алдағы Фестиваль бағдарламасы келесідей фильмдерді қамтиды:

МАХАББАТ ПЕН ҚҰМАРЛЫҚ. ДАЛИДА (биографиялық). Режиссер: Лиза Азуэлос. Рөлдерде: Свева Альвити, Риккардо Скамарчио, Жан-Поль Рув. Мазмұны: Өз дәуірінен оза туған, өнері өшпейтін, өнер әлемінде ойып тұрып орын алған әйел – Далиданың сырға толы бейнесі.

СІБІР ОРМАНДАРЫНДА (шытырман оқиғалы). Режиссер: Сафи Неббу. Рөлдерде: Рафаэль Персонназ, Евгений Сидихин. Мазмұны: Әрдайым еркіндікті аңсайтын Тедди қаланың қарбалас өмірінен алыстап, Байкал жағалауындағы мұздан қаланған үйшікті мекендеуге бел буады. Бір күні түнде қарлы боранда адасып қалады. Оны жапан далада Алексей есімді жігіт құтқарып қалады.

МЕН ЕРКЕК БОЛҒАНЫМДА (комедия). Режиссер: Одрэ Дана. Рөлдерде: Одрэ Дана, Кристиан Клавье, Эрик Эльмоснино. Мазмұны: Кез келген әйел бір күнге еркек болсам ғой деп ойлаған болар? Ал Жаннаның мұндай ойы жүзеге асты! Қызықты әрі күлкілі оқиғаларға тап болады, байбалам салады, терең ойға кетеді.

КАБАЧОКТЫҢ ӨМІРІ (анимация). Режиссер: Клод Баррас. Мазмұны: Кабачок
–сондай жақсы бала, алайда анасының өлімінен кейін жалғызсырап қалады. Ол өзін балалар үйінде қандай кездесулер күтіп тұрғанынан бейхабар. Айналасында достары мен жүрегінде маздаған махаббат сезімі бар он жасар баланың әлі білетіні мен көретіні көп.

МИСТЕР ШТЕЙН ЖЕЛІДЕ (комедия). Режиссер: Стефан Роблен. Рөлдерде: Пьер Ришар, Янис Леспер, Фанни Валетт, Стефани Крейанкур. Мазмұны: Жұбайы дүниеден озып кеткен Пьер зейнетке шығып, енді қараушы етіп қызы жалдаған Алекстің көмегімен бұрын беймәлім болып келген ғаламтордың қызығын көріп, тауысар емес. Танысу сайттарының бірінде сөйлесіп жүрген әйел оны кездесуге шақырады. Алайда аккаунт үшін пайдаланылған сурет оған емес, Алекске тиесілі еді...

МЕН ЖӘНЕ СЕН (мелодрама). Режиссер: Мартен Прово. Рөлдерде: Катрин Денев, Катрин Фро, Оливье Гурме. Мазмұны: Клер – адалдық пен турашылдықтың үлгісі. Ол акушер-дәрігер болып жұмыс жасайды және оның өмірінің мәні – адамдарға қызмет ету. Перзентхананың жабылуы мүмкін екенін естіген Клерден маза қашады. Алайда марқұм әкесінің бұрынғы көңілдесі, кеудемсоқ, менмен әйел – Беатрис пайда болып, оның өмірінің шырқын түбегейлі бұзады.

publie le 25/04/2017

hautdepage