ФРАНЦИЯ ПРЕЗИДЕНТІ Ф.ОЛЛАНДТЫҢ «ҒЫЛЫМ ОРДАСЫНДАҒЫ» СӨЗІ Алматы (Қазақстан) – Сенбі 6 - желтоқсан 2014 жыл [fr] [ru]

JPEG - 196.6 ko
Académie des Sciences

Алматы қаласының Әкімі,
«Ғылым Ордасының» Басшысы,
Ханымдар мен Мырзалар,

Ғылым мен білімнің символы саналатын қасиетті орында, Қазақстан Республикасының «Ғылым Ордасында» сөз сөйлеуге мүмкіндік бергендеріңіз, мен үшін зор құрмет.
Назарда ұстайтын бір жайт бар, Франция Университет, Ғылым, Лингвистика саласында Қазақстанмен ынтымақтастықты күшейтуде басымдық көрсетіп отыр. Осы орайда Алматы негізгі рөлді атқарады.
XIX ғасырда, Алматы Верный болып тұрған кезде, француз саяхатшысы, сәулетші, Поль ГУРДЕ осы қалаға көшіп келді. Ол осында көптеген ғимараттардың жобасын жасады, соның қатарында, бүгінгі Сорбонна-Қазақстан Институты орналасқан ғимарат та бар.
Бүгінгі таңда бізге бұрынғыдай құрылысқа инвестиция салудың қажеті жоқ. Дәл қазір іскерлікке, білім беруге, ғылымға инвестиция жасауымыз керек. Франция мен Қазақстан арасындағы серіктестіктің екінші кезеңінде осыны қолға алуға тиіспіз.
Президент Н.Назарбаевпен біз екі бағытта жұмыс істеуді жөн көрдік. Бірінші бағыт- қазақстандық студенттерді Францияға тарту, соның ішінде Болашақ бағдарламасы бойынша оқуға қабылдау. Біз Францияда 400-ден астам қазақстандық студенттерді қабылдауға дайынбыз, бұл –қазіргі таңдағы көрсеткішіміз. Бес жылдан соң, осы көрсеткішті еш қиындықсыз екі есе арттыра аламыз.
Екінші бағыт - Франция мен Қазақстанның Жоғары Оқу Орындары арасындағы ынтымақтастық. Екі ел арасындағы байланыс студенттердің білім алмасуына жағдай жасап және үздік университеттерді халықаралық деңгейге көтереді деген ойдамыз. Сондықтан да Астанада өткен университеттік форум аясында жиырмадан астам келісімге қол қойылды. Келісімдер барлық салаларды: ғылым, экономика, туризм, құқық, әкімшілік, әлеуметтік ғылымдар және француз тілін қамтыды.
Біздің мақсатымыз, Абай атындағы ҚазҰПУ-де Сорбонна-Қазақстан Институтын ғана ашу емес, сонымен қатар инженерлік мектептер, жоғары техникалық білім орталықтарын, туризм мектептерін ашу жайлы жобаларды іске қосу... Экономика саласының мамандарын дайындау мәселесін ауқымды түрде жүзеге асыруымыз керек.
Және де, мен бүгін университет басшыларына, дәлірек айтсақ француз университеттері мен Қазақстан университеттерінің басшыларына қошеметімді білдіремін. Кеше және бүгін жасалған келісімдерге қол жеткізу үшін олар ерекше жұмыс атқарды.
Алайда, осы екіжақты байланыстың өміршең болуы үшін француз тілі Қазақстанда көбірек қолданылу қажет. Астана мен Алматыда екі француз мектебі бар. Ол мектептерде Қазақстанның таңдаулы оқушылары білім алуда, бірақ олардың саны өте аз. Біз, Президент Н.Назарбаев екеуіміз бірлесіп, француз тілін Қазақстан мектептерінде жаппай оқыту үшін әрекет етуіміз керек. Француз университеттері өздерінің болашақ студенттеріне лингвистикалық қолдау көрсетуге жағдай жасайды. Сондықтан, екіжақты қарым-қатынаста лингвистикалық байланыстың да өз орны бар.
Мен Қазақстанның франкофония кеңістігіне есігін ашуын және франкофония қеңістігінің Қазақстанға есігін ашуын тілеймін. Қазақстанның алдағы күндері Халықаралық Франкофония Ұйымына кіруіне болатындығын алға тартамын. Осылайша, франкофонияның осында, Орталық Азияда қанат жаюына себепші болады. Нәтижесінде Орталық Азия француз тілі мен француз мәдениетінің дамуына зор ықпал ететін аймаққа айналады.Себебі, мен тілді, іскерлікті, білімді, ғылымды және мәдениетті бір бірінен алшақтатпаймын.
Қазақстанның мәдениетке қосқан үлесі айрықша маңызды. Оның тарихы тереңде, демек мәдениеті де бай деген сөз. Көшпенділер мәдениетінің біздің ортақ мұрамызға қосқан үлесі зор. Әсіресе поэзия, философия, математика салаларын ерекше атап өткім келеді.
Осы салалардың өркендеуіне үлес қосқан, өзі ақын, өзі философ, өзі математик атақты қазақ ғұламасы өмір сүрген. Ол - Әбу Насыр Әл-Фараби. Әл-Фараби « Аристотельден кейігі екінші ұстаз» ретінде танымал.
Сонымен қатар, жазушы, ақын және философ Абайға бас иемін, оның сөз саптауын Виктор Гюгомен ұқсататындар да көп.
Қазақстанның мәдени мұрасы Францияда жақсы танымал болуы тиіс, өйткені ол соған лайық.
Көшпенділер мәдениеті, Қазақстандағы әр түрлі халықтың етене араласуы, ерекше туындыларды өмірге әкелді. Алғашында Қазақстанда, кейін Францияда өткен, екі жылды қамтыған тұңғыш тоғыспалы мәдени маусым үлкен табысқа ие болды.
Сондай-ақ, «Пале-Руаяль» алаңында дәстүрлі киіз үйлер тігілді. Оны әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Астана Опера балеті Парижде өнер көрсетіп, үлкен табысқа кенелді. Сондықтан да, сіздер өз мәдениеттеріңізді мақтан ете аласыздар. Өз мәдениетін және әлем мәдениетін танытуды мақсат еткен Франция, осы жолда сіздермен бірге.
Астана мен Алматы Еуропаның үлкен сахналарымен иық теңестіре алады, тылсым әрі мифтік Жібек Жолында тоғысқан еуропалық және азиялық өркениеттерден шабыт алған қойылымдарды ұсынып, бақ сынасар мүмкіндіктері бар. Алматыда да, Астанада да француз қалаларымен мәдениет саласында ынтымақтастық орнату қолға алынған. Алматы және Канн қалалары кино фестивальдар мен мәдени іс-шараларды бірге ұйымдастырады.
Алматыда спорт және туризм саласындағы да байланысымызды күшейтуіміз қажет. Осы мәселеге бір сәт тоқталғым келеді.
Қазақстан Франциядан бес есе үлкен. Қазақстан – сан алуан табиғат көрінісінің жиынтығы. Қазақстанның туристерді тартуға мүмкіндігі жоғары. Көптеген еуропалықтарға дала, әлі де сыры ашылмаған, зерттелмеген орын. Жазық даланың көктегені де ерекше, көктемдегі жабайы қызғалдақтың гүлдегені қандай, маған сол сәт қатты ұнайды! Сондай-ақ, тауды бағалай біліп, қорғау керек. Біздің ынтымақтастығымыз табиғатты қорғауға, сақтауға, оған зиянымызды тигізбестен өзгертуге өз септігін тигізуі мүмкін.
Сондықтан, Алматыдағы аспалы арқан жол, «Poma»-ның алғашқы іргетасын қойған кездегі көрген көріністерден ерекше әсер алдым. Осы аспалы арқан жол, жаңа туристік жобалардың ашылуына, қалаларыңызға және бүкіл Қазақстанға туристердің көптеп келуіне ықпал етуі керек.
«Тау кластерін» салу - осы саладағы француз және қазақстандық мамандар арасындағы байланысты нығайтады. Бұл құрылғыны орнату тек Алматыда ғана емес, көптеген басқа қалаларда тау шаңғы станцияларын салуға көмектеседі. Қазірден бастап-ақ, осы мәселеге қатысты жайттарда Француз тәжірибесіне арқа сүйей аласыздар.
Қала салудың көптеген әдістері бар. Қала дегеніміз, жай ғана ғимараттар шоғыры немесе қызу өмір қайнаған мекен болуы мүмкін. Сонымен қатар қысқы спорт станцияларын салудың да сан алуан әдістері бар. Қысқы спортқа арналған бекет, жай ғана таудағы қала бола алады немесе оны байланыс, қарым-қатынас, қызу өмірге толы ерекше ордаға айналдыруға болады. Франциядағы қысқы спорт станцияларының сан алуан түрі болды, бірақ жаңа ғана мен суреттеген соңғы түрі оза шығып, бүкіл әлемге үлгі болды. Бұл тек қысқы спорт станциясы ғана емес, бұл –өмір сүрудің үлгісі, спортты түсінудің, балаларға шаттық сыйлаудың түрі. Халықтың бос уақытын пайдалы өткізуге түрткі болатын, нағыз бақыт станциясы.
Біз қысқы спорт станциялары саласындағы байланысымызды нығайтуға дайынбыз. Білуімше, Алматы 2017-жылғы Универсиада мен 2022 –жылғы Қысқы Олимпиада Ойындарын өткізуден үміткер. Олимпиада ойындарын өткізу - өте маңызды іс, ол үшін тек бір қала емес, бүкіл ел жұмыла ат салысуы керек! Ол үшін тиісті құрал – жабдықтар мен өте шебер ұйымдастырушылық қажет болады. Осы жобаны іске асыру үшін біз өз тәжірибеміз бен бар білгенімізді көрсетуге дайынбыз.

Алматыда велосипедпен жүргенді ұнатады дейді, бірақ мен оған әлі көзімді жеткізген жоқпын. Шынында, Александр ВИНОКУРОВ сияқты біртуар велоспорт чемпионы бар. Ол - Лондонда өткен Олимпиада Ойындарының чемпионы. Велосипед тебуге арналған инфрақұрылымды салу арқылы қалаларды көркейту - біздің кәсіпорындарымыздың үйреншікті ісі. Велосипедке арналған арнайы инфрақұрылым қазір Парижде бар, оның тек Парижде ғана емес, басқа қалаларда да қолданылатын атай кеткен жөн.
Қалалардың тұрақты дамуы үшін транспорт, коммуникация, су және энергия мәселелері өте маңызды. Қалалардың тұрақты дамуын университеттерде оқыту қажет. Қалаларды қалай салу керек? Қалаларды энергияны үнемдейтіндей етіп қалай көркейтуге болады? Үнемді, экологиялық, сонымен қатар бүкіл әлеммен еркін араласатын қалаларды қалай салуға болады? Кедейлікпен, қиын әрі ауыр өмірмен қалай күресуге болады? Қалай ластануды болдырмауға болады? Қалай апаттардан қорғанамыз? Мінеки, осы сұрақтардың бәрінің жауабын табу үшін ғылыми зерттеулер жасайтын, мына бізбіз, қазақстандықтар мен француздар!
Әкім Мырза, Алматы Францияға жақсы танымал, өйткені ол Ренн қаласымен туыстас қала. Ол мәдени шараларды дамыту үшін Канн қаласымен стартегиялық байланыс орнатуда, мұндағы ең басты мәселе – Кино Фестиваль болмақ! Сонымен қатар қысқы спорт станцияларын салу үшін қолдау көрсете алатын басқа қаларлармен де байланысуларыңызға болады.
Астана қаласы Ницца қаласымен, Рон-Альп аймағымен қарым-қатынасын жалғастыруда. Гренобль қаласы да өз мүддесін танытып отыр. Қазақстанның ауқымды мегаполистерімен ынтымақтастықты орнатуды қалайтын жергілікті француз әкімшілік-аумақтық орталықтарының санының көбеюін тілеймін.
Бұл орайда университеттер бізге жол көрсетті. Университеттер серіктестік орнатуға қабілетті екенін көрсетті, демек қалалар мен аймақтардың да осылай етуге мүмкіндігі жетеді. Біз пікіріміздің бір және мүддеміздің ортақ екенін көрсетуіміз қажет.
Қазақстанның географиялық орыны да өте маңызды, ол - Еуропа мен Азия арасын байланыстыратын көпір. Қазақстанның осы географиялық орынын оңтайлы пайдаланған саясатынан Франция өзіне қажетті сабақ алса болады. Қазақстанға инвестициялау - Еуропа мен Азияға инвестициялау. Яғни, болашақ Еуразиялық Экономикалық Одақпен жақсы қарым-қатынаста болу деген сөз. Еуропаның бүгін болмаса да, бір күні құрлықтың осы бөлігімен тығыз байланысары анық.
Біз бұған кәміл сенеміз, сондықтан жуырда Қазақстанның негізгі аймақтарында Францияның құрметті консулдарын тағайындаймыз. Олар өте құнды дәнекерші болады, мен оларға қазірден өз құрметімді көрсетемін.
Алматы қаласының Әкімі, сіздің қалаңызда француз бірлестігі бар. Осында 250 француз тұрады, кейбірі мүмкін осы залда отырған болар. Олардың кафелері, наубайханалары, сонымен қатар, жоғары технологиялы кәсіпорындары бар. Көптеген француз кәсіпкерлері Алматы өңірінде орналасқан. Оларға қонақжайлылық танытқаныңызға сенімдімін.
Менімен бірге көптеген кәсіпорын басшылары келді. Олар сіздің қалаңызға және еліңізге деген өз ықыластарын білдіре жатар. Олар Қазақстаннан өз орындарын алып, өз технологияларын ұсынып, ұзақмерзімді дамуға инвестиция жасауды қалайды. Қысқы спорт станциясын салу – тек құрылыс салып, техникамен жабдықтау ғана емес, ол - онжылдықтарға жалғасатын серіктестік.
Сондай-ақ, ендігі жылдың басынан бастап Франция мен Қазақстан арасындағы тікелей әуе қатынасы ашылады. Демек, Бәйтерек пен Эйфель Мұнарасы арасында ұшу алты сағат қана уақытты алады. Екі ел арасында экономикалық, университеттік және мәдени жобаларымен алмасулар санының арта беруін тілеймін.
Міне, Ханымдар мен Мырзалар, адамды рухтандыратын осынау қасиетті орында менің айтқым келгені осы.
Университет атын алған, ұлы жазушы Абайдың бір сөзін таптым. « Адам баласының ең жаманы – талапсыз» - дейді Абай. Бірақ «талап қылушылар да неше түрлі болады» деп қосады.
Күнделікті күйбең тірліктен аса алмайтын адамдар бар, сонымен қатар болашаққа мән беретін, бірдеңені құрастырып, салып, жұртқа үміт сыйлайтын адамдар да бар.
Біздей екі елдің алдында тұрған міндет бар, ол – ұмтылыс, құндылықтарымыз бен ұстанымдарымызды сақтау үшін бірлесе отырып алға ұмтылуымыз керек!
Жасасын Франция, Жасасын Қазақстан! Рахмет.

publie le 30/12/2014

hautdepage