Франция мен Қазақстан онкология саласындағы стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойды [fr] [ru]

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Гюстав Русси атындағы онкология институтының бас директоры Александр Эггермонт 13 ақпан күні стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойды.

Меморандум онкологиялық аурулар диагностикасы мен еміндегі халықаралық стандарттарды енгізу арқылы Астанадағы онкологиялық қызмет сапасын, сондай-ақ мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған.

Бірлескен жұмыс 2012 жылғы желтоқсан айында, Гюстав Русси атындағы институт мамандарының Астана қалалық онкологиялық диспансеріне келіп, Астана қаласы мен жалпы республика бойынша онкологиялық пациенттерге көрсетілетін қызмет жүйесімен танысуынан кейін басталған болатын.

Александр Эггермонт, Гюстав Русси атындағы Онкология институтының бас директоры: "Байқауымша, көптеген елдерде бір емді барлық науқасқа қолдана береді. Ал, біз бұл жағдайды әр науқас дертінің ауырлығына, жағдайына қарай жеке-жеке қарастырамыз. Қазір ауруды емдеудің жаңа әдістерін қолданып, оқу бағдарламасын енгізсек деген ойымыз бар. Оның ішінде химиятерапевтік емдеудің инновациялық жолдарын да жүзеге асырмақшымыз."

Аталып өткен онкологиялық диспансер орта есеппен 6,5 мың қала тұрғыны мен өзге аймақтардан келушілерге көмек көрсетеді. Онда хирургиялық инновациялық әдістерді қолдану арқылы ота жасалады. Ал, меморандум аясында ауруды емдеудің әлдеқайда жаңа әдістері енгізілмек. Сонымен қатар елордалық 100 астам дәрігердің біліктілігін арттыру да көзделіп отыр. Онкологиялық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында екі медициналық мекеме стратегиялық әріптестік концепсиясын жасамақ.

publie le 17/02/2014

hautdepage